Тимур Кулибаев

Тимур Кулибаев

ТИМУР ҚҰЛЫБАЕВ

KAZENERGY қауымдастығының Төрағасы

Құрметті әріптестер!

2021 жылы Қазақстанда, Нұр-Сұлтан қаласында XIV Еуразиялық KAZENERGY форумымен бірыңғай алаңда алғаш рет өткізіліп отырған энергетика саласындағы ауқымды оқиға – Дүниежүзілік энергетикалық апта – World Energy Week қатысушылары мен қонақтарын KAZENERGY қауымдастығы атынан құттықтаймын.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында KAZENERGY Қауымдастығы мен Дүниежүзілік энергетикалық кеңес ҚР Үкіметінің қолдауымен өткізіп отырған осынау іс-шара жаңа дәуір энергетикасын қалыптастыру қағидаттарын талқылауға, осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың әлеуетін іске асыруға бағытталған, сондай-ақ қазақстандық және әлемдік энергетиканы дамытудың жаңа тетіктерін әзірлеуде ұлттық алаңның беделі мен танымалдығын көрсетеді.

Әлемдік энергетикалық қоғамдастықта диалогты ілгерілетуде үлкен рөл атқаратын дүниежүзілік энергетикалық аптаның осындай маңызды халықаралық оқиғасын қабылдау біз үшін үлкен мәртебе. Дүниежүзілік энергетикалық кеңес сияқты салалық ұйымдармен әріптестік республиканың әлемдік энергетикалық аренадағы беделін арттыруға ықпал етеді, сарапшылық құзыретті және энергетикалық процестердің негізгі қатысушыларымен өзара іс-қимылды жаңа деңгейге шығарады.

Форумның «Энергетика – адамзат игілігі» деген тақырыбы Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәсіби кадрлық әлеуетті қалыптастыру, төмен көміртекті дамыту жөніндегі негізгі идеяларын бейнелейді. Мұнай-газ саласы өз тарихындағы ең қиын кезеңді басынан өткерген сәтте, таза энергетиканы дамыту, декарбонизация, энергия үнемдеу, энергия тиімділігі мәселелерінің өзектілігі әлемнің күн тәртібінде күн санап артып келе жатқанының куәсі болып отырмыз.

Қазақстанда энергетикалық кешен – елдің энергетикалық қауіпсіздігі тікелей тәуелді ең басты салалардың бірі болып тұр. Сонымен бірге, әлемдегі жаһандық өзгерістер төмен көміртекті даму, инновациялар, тұрақтылық және тиімділік негіз болып қаланатын мүлдем жаңа энергетиканы құру үшін ой-сананы өзгертуді талап етіп отыр. KAZENERGY қауымдастығының қатысуымен республикада жақында қабылданған басты салалық заңдар – Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодекс және Экологиялық Кодекс-инновацияларға инвестицияларды жандандыру және елдің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін елеулі ынталандыру болып табылады.

XIV Еуразиялық KAZENERGY форумының негізгі оқиғалары KAZENERGY-2021 ұлттық энергетикалық баяндамасының таныстырылымы, мұнай-газ химиясы саласын дамыту, энергетикалық теңгерім құрылымының өзгеруі, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселелері жөніндегі сессиялар, сондай-ақ ҚР мұнай-газ саласының Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде дамуына арналған іс-шаралар болады және негізгі жобалар мен оқиғалар туралы айтылып, олардың ел экономикасының дамуына әсеріне баға беріледі.

XIV Еуразиялық KAZENERGY форумы мен World Energy Week аясында ашық диалог ұйымдастырылатынына, ал платформаның өзі әлемдік елдер мен халықаралық энергетикалық компаниялар мен ұйымдар тарапынан үлкен қызығушылық тудыратынына сенімдімін. Біз тиімді жұмыс істеу, тәжірибе алмасу және мүдделі тараптар арасындағы іскерлік қарым-қатынас үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.

Барлық қатысушылар мен қонақтарға жемісті жұмыс тілеймін!

Ізгі ниетпен
KAZENERGY қауымдастығының Төрағасы
Тимур Құлыбаев