Кевин Лайон

Кевин Лайон

КЕВИН ЛАЙОН

“Теңізшевройл” бас директоры

«Теңізшевройл» ЖШС-і (ТШО) атынан Дүниежүзілік энергетикалық апталықтың және KAZENERGY XIV Еуразиялық форум қатысушыларына жалынды сәлем жолдаймын!

ТШО Қазақстан тарихындағы айтулы кезең – тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген осы жылғы іс-шараларға қуанышпен қатысып отыр. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік энергетикалық кеңестің Дүниежүзілік энергетикалық апталығы алғаш рет Қазақстан Республикасында өткізіліп отыр, бұл үлкен құрмет және жаһандық экономика үшін қазақстандық энергетикалық секторының маңыздылығының дәлелі болып табылады.

2021 жылғы Дүниежүзілік энергетикалық апталығы мен KAZENERGY Еуразиялық форумының тақырыбы – «Энергетика – Адамзат игілігі» бүгінгі өндірістік ортада ерекше өзектілікке ие. Әлемдік мұнай-газ компанияларының алдында қауіпсіз әрі сенімді көмірсутек қорларына деген өспелі жаһандық қажеттілікті қанағаттандыру және өндірісте көміртектің үлестік шығарындыларын азайту бойынша тиісті іс-қимылдарды орындау міндеті тұр.

ТШО өндірісті жаңа, қосарланған сын-тегеуріндерге бейімдеу ісінде және мұнай-газ өнеркәсібінің болашағын бірлесіп құруда айтарлықтай табыстарға жетті. 28 жылдан астам уақыт бойы ТШО өндірістік қызметін аса жауапкершілікпен жүргізу және апатсыз әрі үздіксіз өндірісті тұрақты қамтамасыз ету арқылы Республикаға мол құндылықтар мен пайда әкелді. Біз Қазақстан Республикасы мен құрылтайшыларымыздың алдында қауіпсіз, сенімді және барынша таза энергия көздерін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерімізді бұдан әрі де орындай беруге ниеттіміз.

Көптеген жылдар бойы ТШО Каспий маңы және Орталық Азия өңірлерінің энергетикасына әсер ететін маңызды мәселелерді талқылауға арналған жетекші платформа – KAZENERGY Еуразиялық форумының серіктесі болып табылады. Бұл форум энергетиканың болашағы туралы құнды диалог жүргізуге ықпал етіп, өнеркәсіптегі маңызды оқиғаларды салалық көшбасшылармен талқылауға және энергетика саласындағы жетекші әлемдік сарапшылармен ой бөлісуге бірегей мүмкіндік ұсынады.

Сіздерді форум жұмысына белсенді қатысуға және саладағы маңызды оқиғалар туралы көбірек білуге шақырамыз. Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға осы жылға жоспарланған іс-шараларды өткізуде мол жетістіктер тілейміз!

Құрметпен,

Кевин Лайон
“Теңізшевройл” бас директоры